Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Әлия Молдағұлованың шын суреті қайсы?

Фото: Жасанды интеллект коллажы
Әлеуметтік желіде Аспандияр Нұрмұхаммед деген қолданушы Әлия Молдағұлованың көп таралған фотосы қате екенін жазды. Желі қолданушысы жұрт Әлияның суреті деп қырғыз актрисаның суретін қолданып жүр дейді. Мемлекеттік іс-шара кезінде де Әлияның түпнұсқа фотосын емес, суретші салған бейнесін байқаймыз.
Baribar.kz Әлия Молдағұлованың шын суреті қайсы екенін анықтап көрді.

«Батыр апамыздың емес, қырғыз актрисаның суретін қоюды доғару керек»

Батыр апамыздың суретінің орнына қырғыз актрисаны қоюды доғаруымыз қажет! — деп жазған Аспандияр Нұрмұхаммед.

Әлия Молдағұлованың шын суреті қайсы?
Фото: Тhreads скрині

Әлияның шын суреті

Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориал музейінің бас қор сақтаушысы Толқын Тілегенқызы Әлияның әр фотосының тарихын талдап шыққан. Ол бұл туралы Аqtobegazeti.kz порталына жазған.

1943 жылы Әлия соғысқа қатысып жүргенде нағашы атасы Бисембай Хабиевке хат жазған. Бұл фотоны сол хатымен бірге жолдаған. Демек, Тhreads-тегі жұрт талқылаған фото — Әлияның шын суреті.

Әлия Молдағұлова
1943 жыл Әлия Молдағұлова / Фото: Аqtobegazeti.kz

Бұл фотосурет Әлияның туған-туыстарына деген махаббаты мен сағынышын білдіреді. Оның жүрегінде жауға деген жеккөрініш пен отбасына деген сүйіспеншілік қатар жүрді, — дейді Толқын Тілегенқызы.

Қазір бұл сурет Бисембай Хабиевтің қызы Әрия Хабиеваның үйінде сақталып тұр. Әрия апай бұл фотоны мұра қылып сақтап келеді.

Жұрт Әлия деп суретші салған суретті айтып жүр

Әлия Молдағұлова
Фото: Аqtobegazeti.kz

Бұл — Самуил Нивельштейн салған картина. Жұрт мына фотоны Әлияның суреті деп қолданып жүр. Қазір көпшілік Әлияны осы фото арқылы таниды. Алайда бұл түпнұсқа фото емес, суретші салған бейне ғана.

Бұл суретті 1960 жылы Самуил Невельштейн салған. Ол да Әлия секілді қоршауда болған. Картина Ленинградтағы қорғаныс музейінде сақталып тұр. Көп жылдан бері Әлия деп тараған бұл фото — осы картинаның көшірмесі. Фото мұражай қорына 1982 жылы табысталған. Көпшілік суретте Әлияның рөлін сомдаған қырғыз актриса Айтұрған Темірованың фотосы деп те шатысып жүр, — дейді мұражайдың бас қор сақтаушысы Толқын Тілегенқызы.

1985 жылы «Қазақфильм» студиясы «Мергендер» деген фильм түсірген. Сол фильмде Әлия Молдағұлованың майдандағы ерлігі мен табандылығы бейнеленген. Бас рөлді қырғыз актриса Айтұрған Темірова сомдаған. Уақыт өте келе жұрт акрисаның фильмдегі фотосуреттерін Әлия Молдағұлованың суреті деп тарата бастаған.

Айтұрған Темірова, актриса.
Қырғыз актриса Айтұрған Темірова / Фото: Е-history.kz

Әлияның командирі Николай Уральскийдің мұрағатынан табылған фото

Әлия Молдағұлова
Әлия Молдағұлова / Фото: Аqtobegazeti.kz

Бұл — Әлияның 1943 жылы Мосин винтовкасымен мергендер мектебінде түскен, көп тараған фотосуреті. Мергендер мектебі саяси бөлімінің бастығы Екатерина Никифорова Әлия туралы естелігінде Әлия аяғы қан жоса болғанына қарамастан, фашистерге қарсы тұру үшін уақыт құртпау керек екенін айтқан. Бұл фотоның көшірмесі Әлияның командирі Николай Уральскийдің мұрағатынан алынған. Ал Н.Уральский фотоны Бүкілодақтық Лениндік комунистік жастар одағының орталық архивінің 7-қорының 2-тізімінің 856-сақтау бірлігінен алған.