Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыда Жеңіс күні аталып өтіп, соғыс қаһармандарының рухына тағзым етілді

Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына орай еске алу және мерекелік іс-шаралар өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әкімдіктің мәліметінше, негізгі бағдарлама дәстүрлі түрде 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта ұйымдастырылды. Мұнда қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Даңқ мемориалындағы Мәңгілік алауына гүл қою рәсімі өтті. Майданда қаза болған Қазақстан жауынгерінің рухына соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

Саябақта қала тұрғындары мен қонақтары үшін дала асханасы ұйымдастырылып, қазақстандық артистер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт өтті. Бағдарлама барысында майдан әндері мен соғыстан кейінгі жылдардың танымал композициялары орындалды.

Алматыда Жеңіс күні аталып өтіп, соғыс қаһармандарының рухына тағзым етілді
Фото: Алматы әкімдігі

Айта кетейік, Жеңіс күніне орай Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне және азаматтардың өзге де санаттарына біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Атап айтқанда, 15 ардагерге 5 млн теңгеден төлем берілді. Сонымен қатар әскери іс-қимылдарға қатысушыларға, тыл еңбеккерлеріне, ардагерлерге теңестірілген тұлғаларға және қайтыс болған ардагерлердің жұбайына материалдық қолдау көрсетілді.