Ертіс өзені экожүйесін сақтау мақсатында Шүлбі су қоймасынан 6,4 миллиард текше метрден астам су жіберілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Павлодар облысы аумағында Ертіс өзенінің жайылма алқаптарын суландыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бүгінге дейін суландырылған аумақ көлемі 257,2 мың гектарға жеткен. Бұл жалпы жоспарланған аумақтың шамамен 76% болды, — делінген хабарламада.
Министрлік табиғатты қорғау мақсатында Шүлбі су қоймасынан су жіберу жұмыстары жыл сайын жүргізілетінін атап өтті.
Ертіс бассейндік су инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлынің айтуынша, бұл іс-шаралар балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасап, жайылма алқаптарды суландыруға және Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығы үшін маңызды мал азығы қорын сақтауға мүмкіндік береді.
