Президент GITEX AI Central Asia & Caucasus 2026 халықаралық технологиялық көрмесін аралап, цифрлық инновациялармен танысты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, іс-шара – әлемдегі ірі технологиялық платформалардың бірі саналатын GITEX жаһандық экожүйесінің бөлігі.
Мемлекет басшысына Al-Farabium суперкомпьютері базасында жүзеге асырылған жобалар таныстырылды. Соның ішінде «Қазақтелеком» байланыс орталығына арналған жасанды интеллект ассистенті бар. Бұл жүйе қоңырауларды автоматты түрде өңдеп, алаяқтық белгілерін анықтап, тиісті орталықтарға бағыттайды.
Сонымен қатар президентке банк секторындағы цифрлық бастамалар ұсынылды. Олар ашық әрі реттелетін цифрлық активтер нарығын қалыптастыруға және крипто-хаб инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Осы ретте Қазақстан қор биржасы (KASE) алаңында қаржы құралдарын токен форматында шығару мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Көрмеде көлік-логистика саласындағы бірқатар цифрлық жүйелер де таныстырылды. Атап айтқанда, KEDEN платформасы кедендік рәсімдерді оңтайландыруға арналған, ал SmartCargo жүйесі түрлі мемлекеттік қызметтерді біріктіретін бірыңғай цифрлық терезе ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар National Road Geoportal (KazMaps) жобасы автожолдардың цифрлық картасын ұсынып, инфрақұрылымды бақылауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Президент Алматының IT экожүйесімен, білім беру, қоғамдық қауіпсіздік және жол қозғалысын бақылау бағытындағы цифрлық шешімдермен де танысты. Сонымен бірге Орталық Азиядағы балаларға арналған алғашқы ғылыми музейді аралады.
GITEX AI Central Asia & Caucasus 2026 көрмесіне 600-ден астам халықаралық компания қатысып жатыр. Олардың қатарында Cisco, Google Cloud, Huawei, Dell, Lenovo және басқа да әлемдік көшбасшылар бар.
