Түркістан облысында 2 көпірді су шайып кетті

Түркістан облысында өзендегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты 81 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Төлеби ауданындағы Ақмешіт ауылы маңындағы туристік аймақта болған.

Нөсер жауын салдарынан Ақмешіт өзенінің суы көтеріліп, демалыс аймағы мен пикник аумағын байланыстырып тұрған екі уақытша көпірді шайып кеткен. Сонымен қатар Екпінді елді мекеніндегі өткелге зақым келген. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, Екпінді ауылынан 11 адамды, оның ішінде жеті баланы эвакуациялады. Ал демалыс аймағынан 70 адам, соның ішінде 20 бала қауіпсіз жерге жеткізілді. Қазіргі уақытта уақытша өткел ұйымдастыру үшін арнайы техника жұмылдырылған. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болмаған, — делінген хабарламада.

Оқиға орнында Қазселденқорғау, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.