Астанада көпқабатты үйден өрт шығып, 25 адам эвакуацияланды

Астананың Ғ. Мүсірепов көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Төтенше жағдай туралы хабарлама «112» пультіне түскен бойда құтқарушылар оқиға орнына аттанған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері келген кезде өрттің төртінші қабаттағы пәтерлердің бірінде тұтанғаны белгілі болды. ТЖМ мамандарының жедел әрекетінің арқасында жалын тез арада ауыздықталды. Құтқарушылар тілсіз жаудың басқа пәтерлерге таралуына жол берілмеді. Құтқару бөлімшелері жеткенге дейін пәтер тұрғындары қауіпсіз жерге өз бетінше шығып үлгерген. Барлығы 25 адам эвакуацияланды, оның ішінде жеті бала бар, — делінген хабарламада.

ТЖМ мәліметінше, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.