Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру мақсатында бақылау шаралары күшейтілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері ӘМАТ тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілген.
Сәуір айының ортасына дейін шекті сауда үстемесін асырғаны үшін 1 406 әкімшілік айыппұл салынған. Бұл 2025 жылы тіркелген жалпы құқық бұзушылықтардың (2 913 жағдай) шамамен жартысы болады. Баға тізбегіндегі делдалдық схемаларды анықтау жұмыстары да күшейтілген. Өңірлерде 372 отырыс өткізіліп, 1 092 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 974 хаттама толтырылып, 118 делдал сауда тізбегінен шығарылған, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар электрон шот-фактураларды талдау арқылы 2 361 тәуекел жағдайы анықталып, олар өңірлік органдарға тексеруге жіберілген. Бұл процесте цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қолданылады.
Министрлік өкілдері бір өңір ішіндегі көпсатылы делдалдық тізбектер мен қысқа мерзімде жасалған күмәнді мәмілелерге ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Барлық анықталған дерек өңірлік комиссиялардың қарауына жолданады.
Ведомство әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.
