Биыл әлеуметтік инспекторлар 190 тексеру жүргізген. Тексеру нысандардың халықтың аз қозғалатын топтары үшін қолжетімдігіне қатысты өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, тексерулердің 86-сы жоспардан тыс, 99-ы профилактикалық бақылау аясында, ал бесеуі прокуратураның тапсырмасымен өткен. Нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 149 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 19,3 миллион теңгеден асатын 64 айыппұл салынған.
Бақылауда түрлі саладағы нысандар қамтылды. Атап айтқанда, 81 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым, 12 денсаулық сақтау мекемесі, 22 білім беру ұйымы, 23 әлеуметтік қорғау нысаны, 12 мәдениет, сегіз спорт, жеті көлік инфрақұрылымы объектісі, бес қоғамдық тамақтану орны, 11 сауда нысаны және өзге де ұйымдар тексерілген. Астанада прокуратура бастамасымен білім басқармасына қарасты төрт жеке мектепте жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нысандардың халықтың аз қозғалатын топтары үшін қолжетімділігіне қатысты өтті. Нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталып, оларды жою жөнінде ұсыныстар беріліп, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған, — делінген хабарламада.
Астана тұрғыны, ІІІ топтағы мүгедектігі бар Динара Спатаева кейінгі жылдары ерекше қажеттіктері бар азаматтар үшін жағдайдың жақсарып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа ғимараттарда пандустар, тактильді жолақтар мен лифтілер алдын ала қарастырылып, ал қолданыстағы нысандар біртіндеп бейімделіп жатыр.
