Алматыда мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Алко-стоп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматы қалалық ПД мәліметінше, рейдтердің алғашқы күнінде қоғамдық орындарда алкоголь ішу, заңсыз сату және тәртіп бұзу деректері бойынша ондаған құқық бұзушылық анықталған. Іс-шарада кәмелетке толмағандар арасындағы профилактикаға және есепте тұрған азаматтарды бақылауға ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Полиция дерегінше, бір күннің өзінде қаланың түрлі аудандарында жүргізілген тексерулер нәтижесінде 840 литрден астам спирттік ішімдік тәркіленген.
Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, «Алко-стоп» шарасы ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Осыған байланысты алкоголь өнімдерін сату үдерісіне және қоғамдық орындардағы тәртіпке бақылау күшейтілген. Әсіресе жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға басымдық беріліп жатыр.
