WhatsApp-тағы дау: Шымкентте көршілердің жанжалы сотпен аяқталды

Шымкентте көршілер арасындағы дау WhatsApp-тағы қорлау сөздерден кейін сотқа жетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Соттың мәліметінше, Шымкент қаласының тұрғыны көршілердің WhatsApp-тағы ортақ чатында өзінің және отбасының ар-намысына тиетін жазбалар жарияланғанын айтып, сотқа жүгінген. Іс азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралған.

Жауапкерлер чатта талап қоюшы мен оның отбасы туралы былапыт сөздер жазып, қорлаған. Алайда іс қарау барысында тараптар медиация тәртібімен келісімге келген. Келісім шарттары бойынша, талап қоюшы арызынан бас тартқанымен, жауапкерлер өз кінәсін мойындап, моральдық зиянды өтеуге міндеттелді. Олар жәбірленушіге 150 мың теңгеден мамыр айының соңына дейін төлеуге тиіс, — делінген хабарламада.

Сот бұл келісімді бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты. Сонымен қатар талап қоюшы төлеген мемлекеттік баж салығы қайтарылды.