Алматыда зейнеткердің үйін тартып алмақ болғандар ұсталды

Алматыда 81 жастағы жалғызбасты зейнеткерді алдап, үйінен айыруға әрекеттенген күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ПД мәліметінше, қылмыстың алдын алу тұрғындардың қырағылығы мен полицияның жедел әрекетінің арқасында мүмкін болды.

Оқиға Түрксіб ауданында болған. Зейнеткердің жоғалып кеткені туралы оның танысы полицияға хабар берген. Іздеу барысында қария қала маңындағы елді мекендердің біріндегі жеке үйден табылды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілер зейнеткердің сеніміне кіріп, оның осал жағдайын пайдаланған. Олар қарияны заңсыз ұстап, жылжымайтын мүлкін өз атына рәсімдеуге көндірмек болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үш күдікті – екі ер адам мен бір әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, күдіктілердің әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.