Алматы халқы тарихи ғимаратты жөндеуге наразы болып жатыр

Алматыдағы Алмалы ауданы әкімдігінің ғимаратын былтыр желтоқсаннан бері жөндеп жатыр. Ғимарат Әйтеке би мен Абылай хан көшелерінің қиылысында орналасқан. Жұрт әлеуметтік желіде тарихи нысанның бастапқы бейнесі сақталмайтынын жазып, құрылысқа наразы болып отыр.

Baribar.kz ғимараттың құрылысы жайлы пікірлерді тізіп шықты.

«Арзан мәрмәр тас бір жыл өтпей-ақ түсіп қалады»

Журналист, блогер Тимур Балымбетовтің пікірінше, ғимараттарды жаңарту салдарынан Алматының көп жылдық тарихы мен мысы сезілмей барады. Оның айтуынша, бұл тарихи ғимаратты тойханаға айналдырмақшы.

Қаладағы тарихи ғимаратты үлкен тойханаға айналдыру дұрыс па? Бірінші нұсқа — арзан мәрмәр тастар бір жыл өтпей-ақ сұрықсыз болып, түсіп қалады. Мәрмәр тасты қалай орнатып жатқанын өз көзіммен көрдім. Екінші нұсқа — қаланың бастапқы кескіні біртіндеп жоғалып барады. Бұған қалай жол беруге болады? Бұл құрылыс президенттің қаланы дамыту жайлы тапсырмасына қалай үйлеседі? — деп жазды журналист Тимур Балымбетов.

threads скрині
Фото: Тhreads скрині

Сити-блогер Тұрар Рахымберлиннің пікірінше, Алматы ауданы әкімдігінің ғимараты күрделі жөндеусіз-ақ жақсы көрінеді. Ол ғимараттың тарихи келбеті сақталады деп үміттененіп отыр. 

threads
Фото: Тhreads скрині

«Реконструкция» деген жазуға қарағанда, ғимараттың бастапқы келбеті сақталмауы мүмкін»

Тhreads қолданушысы Әсет Әбдіровтың сөзіне қарағанда, реконструкцияның реставрациядан айырмашылығы — жұмыс барысында түпнұсқа элементі мен әрлеу материалы сақталмайды. Ол нысан төлқұжатындағы «реконструкция» деген жазуға қарағанда, ғимараттың бастапқы келбеті сақталмауы мүмкін екенін айтты.

Бұл ғимарат — қалаға туристердің келуіне ықпал ететін, тұрғындар үшін көз қуанатын көрікті әрі тарихи орын. Алматы әкімдігінің қызметкерлері құрылыс жайлы жоспарды қайта қарайды деп үміттенемін, — дейді желі қолданушысы.

threads скрині
Фото: Тhreads скрині

Тағы бір желі қолданушысы бұл құрылыстың реставрация екеніне күмәнданып отыр.

Тарихи мұра жеңіл-желпі жөнделіп, туристер мен қала тұрғындары үшін тартымды бейнесінен айрылады. Тіпті, ғимараттың болашақтағы келбеті көрсетілген визуал кескіні де жөнді салынбаған, — дейді Тhreads қолданушысы.

threads скрині
Фото: Тhreads скрині

Ғимараттың іргесі 1963 жылы қаланған

Бұл ғимарат Кеңес одағы кезінде қалалық атқару комитетіне тиесілі болды. Тарихи ғимараттың іргесі 1963 жылы қаланған. Нысанның басты архитекторы — Владимир Кацев. Ол «Медеу» спорт кешені мен Алматы циркінің де сұлбасын сызған.

Жоба құны — 4 миллиард теңге

2025 жылғы желтоқсан аяғында ғимаратты реконструкциялау басталды. Алматы әкімдігінің Vlast.kz басылымына берген жауабына қарағанда, ғимаратта жаңғыртқанда ішіне лифт орнатылады. Сонымен қатар сейсмика қауіпсіздігі артып, ғимараттың шатыры ауысады. Жоба құны — 4 миллиард теңге.

Күшейту жұмыстарын орындағаннан кейін сыртқы қабырғаларды оқшаулаймыз. Кейін ғимараттың бастапқы келбеті жеңіл материалмен қалпына келеді. Биік бағандар мен фронтондар (сән үшін салынған сыртқы элементі) тегістеуге, тазалауға шыдамды бояумен боялады. Осылайша, ғимараттың сәулет құрылысына сай келбеті сақталады, — деп хабарлады қала құрылысының басқармасы.

Әкімдік құрылысты биыл қарашада аяқтауды жоспарлап отыр.

Анықтама

Реставрация — ескірген немесе бүлінген өнер туындысы, сәулет ескерткіші, тарихи-мәдени нысан, құнды кітап пен жиһаздың бастапқы кескін-келбетін сақтай отырып, жөндеу.

Реконструкция — ескірген немесе зақымдалған ғимаратты қайта құрып, заманауи талапқа сай қалпына келтіру құрылысы.