Талғар қаласының әкімі болып Нұрхан Әділхан сайланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Талғар ауданы әкімдігінің мәліметінше, Нұрхан Әділхан 1981 жылы Таразда дүниеге келген. Ол М.Х. Дулати атындағы Тараз университетін «құқықтану» және «қаржы және экономика» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолында Жамбыл облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарында, Талғар аудандық Әділет басқармасында, Алматы облысы Әділет департаментінде басшылық қызметтер атқарған. Сонымен қатар мемлекеттік және жеке секторда түрлі жауапты лауазымдарда жұмыс істеген.
Еске салайық, 2024 жылы Шерзат Болат өліміне байланысты резонансты оқиғадан кейін қала әкімі қызметінен кеткен еді. Оның орнына Арыстанбек Әбілқайырұлы сайланған болатын.
Алайда бір жыл екі айдан кейін Арыстанбек Әбілқайырұлы денсаулығына байланысты қызметінен кету туралы шешім қабылдады.
