Әскерилерге 425 мың теңгеге дейін көмек төленеді

Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерге төленетін ақшалай үлес, жәрдемақы және өзге де төлемдер қағидаларына өзгерістер енгізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тиісті бұйрық 21 сәуірден бастап күшіне енді.

Министрліктің мәліметінше, бюджеттен үнемделген қаражат есебінен әскери қызметшілерге берілетін материалдық көмек көлемі ұлғайған. Енді төлемдердің ең төменгі мөлшері елдегі ең төменгі жалақы деңгейіне теңестірілген.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, жақын туысы, жұбайы немесе қайын жұртынан туысы қайтыс болған жағдайда төленетін әлеуметтік көмек ең төменгі жалақының бес есесіне дейін жетіп, шамамен 425 мың теңге болады.

Ал некеге тұру, бала туу немесе асырап алу, мүлікке залал келу не емделу қажеттілігі туындаған жағдайда 255 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлем қарастырылған. Министрлік бұл өзгерістер әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өтті, — делінген хабарламада.