Ақын Серікбай Әбілмәжін дүниеден өтті

Қазақстандағы танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серікбай Әбілмәжін дүниеден өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қаралы хабарды Жазушылар одағының баспасөз қызметі жариялаған.

Серікбай Әбілмәжін 1984 жылы Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында дүниеге келген. 2008 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия факультетін тәмамдаған. 2015 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті филология бөлімінің магистратурасын бітірген. Бурабай ауданының мектептерінде мұғалім, Бурабай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, аудандық «Бурабай» газетінің редакторы болып қызмет атқарған. Өлеңдері «Сарыарқа самалы» ұжымдық жыр жинағына, «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының 10 томдық антологиясына енген. 2014 жылы «Хантәңірі» баспасынан «Үркертолғақ» атты жыр жинағы, 2021 жылы «Фолиант» баспасынан «Сарша тамыз» қатарлы жыр жинағы жарық көрген, — деп жазды одақтың баспасөз қызметі.

Ақын 42 жаста қайтыс болды. Жазушылар одағының мүшелері марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, қаламдас әріптестеріне қайғыра көңіл айтқан.

Еске салайық, ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, еңбек ері Мұхтар Шаханов 2026 жылғы 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол 22 сәуірде Түркістан облысының Отырар ауданында жерленді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да