Астанада Astana Eurasian Book Fair – 2026 IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, ҚР президентінің орталығында ұйымдастырылған ауқымды мәдени-ағартушылық шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысып жатыр.
Көрме мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана әкімдігі және Qazaq Creative қорының қолдауымен, «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Биылғы жәрмеңкеге 80-нен астам баспа, ғылыми-білім беру және полиграфиялық компаниялар қатысуда. Қатысушылардың тең жартысы – қазақстандық ұйымдар. Сонымен қатар Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла және Ұлыбританиядан келген өкілдер бар, — делінген хабарламада.
Көрме бес күнге жоспарланған және мәдени-іскерлік бағдарламаны қамтиды. Оның аясында жаңа кітаптардың тұсаукесері, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар және балаларға арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Атап айтқанда, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы», Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасы, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомы, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» романы және Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» шығармасы секілді бірқатар кітаптардың таныстырылымы өтеді.
Сонымен қатар Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Хавьер Мороның «Үміт сапары» еңбектері де оқырман назарына ұсынылады. 23 сәуірде Ұлттық кітап күніне орай республикалық «Ұлттық кітап» байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, көрме 22–26 сәуір аралығында жалғасады.
