Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мамыр айының басында жасанды интеллект негізіндегі Imam AI жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ҚМДБ мәліметінше, жобаның мақсаты – жамағатқа діни-ағартушылық бағытта жедел әрі сапалы ақпарат ұсыну.
Imam AI жүйесі пайдаланушылардың сұрақтарына жедел жауап беріп, діни ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді, — деді ҚМДБ-ның цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Серікқанұлы.
Ал Қазақстанның бас мүфтиі Наурызбай Қажы Тағанұлы бұл қолданба сенімді дереккөздерге сүйене отырып жұмыс істейтінін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, жүйе діни сұрақтарға нақты әрі жедел жауап беріп, имамдардың жүктемесін азайтуға көмектеседі.
Қазіргі таңда Imam AI пилоттық режимде іске қосуға дайындалып жатыр. Жоба биыл мамыр айының басында қолданысқа беріледі.
