Алматыда мамырдан бастап субұрқақтар іске қосылады

Алматыда мамыр айының басынан бастап субұрқақтар кезең-кезеңімен іске қосылып, 1 қазанға дейін жұмыс істейді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, олар күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Ауа райына байланысты жұмыс тәртібі өзгеруі мүмкін: температура +5°C-тан төмендеген жағдайда субұрқақтар уақытша тоқтатылады.

Биыл 55 коммуналдық субұрқақ кешенін іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 11-і «құрғақ» субұрқақ. Барлық нысандардың техникалық және санитарлық жағдайы тұрақты бақылауда болады.

Маусымға дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілген. Мамандар субұрқақ тостағандарын және айналасындағы аумақтарды тазалап, суды залалсыздандырған. Сонымен қатар жабдықтар жөнделіп, сырланған, инженерлік жүйелер толық тексерістен өткен. Бұл олардың маусым бойы қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Алматы қаласы, кешкі Алматы, субқрқақ, фонтан, Абай алаңы
Фото: Алматы әкімдігі

Қалада негізгі субұрқақтарды жаңғырту жобалары да қатар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Республика алаңы мен Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры маңындағы субұрқақтар қайта жаңартылып жатыр. Қазіргі таңда бұл жұмыстар аяқталуға жақын. Жобаларды толық аяқтау және іргелес аумақтарды абаттандыру 2026 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Жаңартылған субұрқақтар тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз демалыс орындарына айналып, заманауи қоғамдық кеңістіктердің маңызды бөлігі болады, — делінген хабарламада.