Марракеш қаласында өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымы-ның енгізуді қолдау жөніндегі жаһандық симпозиумы (GISS-2026) аясында Қазақстан мен Үндістан арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Іс-шара барысында ҚР көлік министрлігі азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Үндістанның ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Ангшумали Растогимен кездесті. Кездесуге Қазақстанның ИКАО жанындағы тұрақты өкілі Тимур Тлегенов те қатысты.
Тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, әуе қатынасын кеңейтуге ерекше назар аударды.
Салтанат Томпиеваның айтуынша, Қазақстан мен Үндістан арасындағы қолданыстағы шарттық-құқықтық база әуе қатынасын дамыту үшін берік негіз қалыптастырған.
Қазақ әуе компаниялары ұшу географиясын кеңейтуге, жаңа бағыттар ашуға және қолданыстағы рейстердің жиілігін арттыруға дайын. Қазіргі уақытта Air Astana Алматы – Дели бағыты бойынша аптасына 13 рейс, ал Алматы – Мумбаи бағыты бойынша аптасына үш рейс орындайды, — делінген хабарламада.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және тұрақты әуе байланыстарын дамытуға өзара мүдделі екенін растады. Сарапшылардың пікірінше, әуе қатынасының кеңеюі екі ел арасындағы сауда-экономикалық және туристік ынтымақтастыққа жаңа серпін береді.
