Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылғы қажылық маусымына қатысты жаңа талаптар енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мүфтияттың мәліметінше, бұл шектеулер Мекке қаласында құлшылықтың қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
Сауд Арабиясы билігі қажылық кезеңіне байланысты бірқатар шектеулер енгізді. Негізгі талаптар:
- 2026 жылғы 18 сәуір мен 31 мамыр аралығында Nusuk платформасы арқылы умраға рұқсат беру уақытша тоқтатылады;
- 18 сәуірден бастап Мекке қаласына қажылық визасынан өзге барлық визалармен кіруге және сол жерде болуға тыйым салынады.
Ережелерді бұзған азаматтар Сауд Арабиясының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар биыл қажылыққа баруды жоспарлаған азаматтар 18 сәуірден бастап елге кіре алады. Қажылық рәсімдері 18–30 мамыр аралығында өтеді, ал негізгі діни ғұрыптар шамамен бес күнге созылады, — делінген хабарламада.
Мүфтият өкілдері азаматтарды барлық талапты қатаң сақтауға шақырып, бұл шаралар қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
