Қазақстанда кәсіпкерді 1 миллион долларға алдап кеткен күдікті 10 жылдан кейін Германиядан ұсталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бас прокуратура мен ІІМ қызметкерлері, сонымен қатар Интерпол және Қазақстанның Германиядағы елшілігінің қолдауымен аса ірі алаяқтыққа күдікті шетел азаматын елге экстрадициялады.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2014 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге компьютерлік техниканы жеткізуге көмектесу сылтауымен қазақ кәсіпкердің 1 миллион АҚШ долларын алдап иемденген. Қылмыс жасалғаннан кейін ол жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. 2025 жылғы қыркүйекте күдікті Германия аумағында ұсталып, бас прокуратураның сұрауы негізінде Қазақстанға берілген, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмыс үшін мүлкін тәркілеу және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
