19 сәуір күні Алматыда тоғызыншы рет Almaty Half Marathon жартылай марафоны өтеді. Іс-шараны «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көктемгі жарысқа әлемнің 44 елінен 10 мыңнан астам адам қатысады. Қатысу үшін almaty-marathon.kz сайты арқылы тіркелуге болады.
Қатысушыларға төрт негізгі қашықтық ұсынылады: жартылай марафон (21,1 км), 10 км жүгіру, 10 км скандинавиялық жүріс және «Экиден» командалық эстафетасы. Жартылай марафонға 18 жастан асқан азаматтар, ал басқа қашықтықтарға 15 жастан бастап қатыса алады. Жарыс бағыты тұңғыш президент саябағы маңынан басталып, Орталық стадион аумағында аяқталады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы басқару орталығы жұмыс істейді. Оның құрамына полиция өкілдері, жарыстың бас дәрігері және ұйымдастырушылар кіреді. Сонымен қатар медициналық қамтамасыз ету жүйесіне 13 веломедик, 90 ерікті, сегіз медициналық бекет және 10 жедел жәрдем көлігі тартылған, — делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәреде медициналық аймақтар қарастырылып, 30-дан астам дәрігер мен орта буын мамандары қызмет етеді. Биыл жарысқа 900-ден астам ерікті жұмылдырылады.
