Қарағанды облысы полициясы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен бес жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 43 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, арнайы операция Қарағанды аумағындағы жекеменшік тұрғын үйлердің бірінде жүргізілген.
Тінту кезінде үй ішінен арнайы жасырын орын анықталып, күдіктінің сол жерде тығылып отырғаны белгілі болды. Бейнематериалда күдіктінің жер үй ішіндегі дәретхана қабырғасына жасырын «тесік» жасап, сол жерге тығылғаны көрсетілген, — делінген хабарламада.
Полицияның хабарлауынша, ол қала тұрғынынан қорқыту және күш қолдану арқылы 117 миллион теңге бопсалады деген күдікке ілінген. Күдікті ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген.
Қарағанды облысының полиция департаменті өкілдері арнайы жабдықталған жасырын орын анықталғаннан кейін күдікті қолға түскенін хабарлады.
