Бүгіннен бастап Астана халықаралық әуежайында жоспарлы жөндеу жұмыстары басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, жөндеу жұмыстары 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында күн сайын жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. Осыған байланысты аталған уақытқа жоспарланған барлық рейс ерте немесе кешкі уақыттарға ауыстырылған.
Әуежай өкілдері жолаушыларға сапарды жоспарлау кезінде өзгерістерді ескеруді және ұшу уақытын алдын ала ресми сайттан немесе әуе компаниясынан тексеруді ұсынды. Сонымен қатар әуежай терминалы мен жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр, — делінген хабарламада.
Әуежай әкімшілігі жолаушылардан әуежайға ертерек келуді сұрайды:
- ішкі рейстер үшін – ұшуға кемінде екі сағат қалғанда;
- халықаралық рейстер үшін – кемінде үш сағат бұрын.
Сонымен қатар қауіпсіздік тексерісі кезінде кідірістерді болдырмау үшін жолаушыларға қол жүгі мен багажды алдын ала тексеріп, тыйым салынған заттар тізімімен танысып шығу ұсынылды.
