Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы үш айында құрылыс жұмыстарының көлемі 14,8% өсті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық экономика министрлігі бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін әртараптандыру бағыты басты назарда қалып отыр.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім негізінен машина жасау саласының қарқынды дамуы есебінен байқалған. Атап айтқанда, автомобиль құрастыру 29,6%-ға, электр жабдықтарын өндіру 31,3% артқан. Сонымен қатар тамақ өнімдерін өндіру 12,6%-ға, сусындар өндірісі 10%-ға, құрылыс материалдары 37,1%-ға, металл бұйымдары 39,3%-ға, фармацевтика 46% өскен. Ал металлургия саласында керісінше 6,3% төмендеу тіркелген, — деді Азамат Әмрин үкімет отырысында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, биыл экономикалық өсім мұнай секторының оң үлесінсіз қамтамасыз етіледі. Қаңтар–наурыз айларында мұнай өндіру 19,8%-ға, табиғи газ өндіру 15,1% қысқарып, тау-кен өнеркәсібіндегі жалпы өндіріс көлемі 11,4% төмендеген.
Соған қарамастан көмір өндіру 12,8%-ға, металл кендерін өндіру 0,6%-ға, ал басқа пайдалы қазбаларды өндіру 39,4% артқан. Құрылыс саласындағы өсім 16 өңірде тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау облысы, Жамбыл облысы, Павлодар облысы, Маңғыстау облысы және Шымкент қаласында байқалған. Ал Ақмола облысы, Жетісу облысы және Абай облысы өңірлерінде құрылыс көлемінің төмендеуі тіркелген. Жалпы, үш ай ішінде 3,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8% артық көрсеткіш, — деді Азамат Әмрин.
