Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Елде ЖИ арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Фото: Depositphotos.com
Қазақстанда жасанды интеллектіні қолданатын интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жалған видео мен дауыс

ІІМ мәліметінше, алаяқтар енді өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк өкілдері немесе басқа ұйым мамандары ретінде көрсету үшін жасанды интеллект арқылы жасалған жалған бейне, аудио және суреттерді кеңінен пайдаланып жатыр.

Атап айтқанда, азаматтарға бейнеқоңыраулар арқылы хабарласып, өздерін полиция, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банктердің қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстыратын жағдайлар көбейген. Олар күдікті қаржылық операциялар немесе қаражаттың сыртқа шығу қаупі туралы сылтау айтып, адамдарды ақшаны шұғыл түрде «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді. Сонымен қатар алаяқтар ресми хабарламаларға ұқсас жалған құжаттар мен хабарламалар жіберіп, мемлекеттік органдармен байланыс орнатқандай әсер қалдыратын чат-боттар мен автоматтандырылған сервистерді қолданады, — делінген хабарламада.

Қалай қорғануға болады?

Ішкі істер министрлігі өкілдері құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия мәліметтерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операциялар жүргізуді ұсынбайтынын ерекше атап өтті.

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов азаматтарды сақ болуға шақырды.

Бейтаныс адамдардың ақша аударуға қатысты нұсқауларын орындамаңыздар, жеке және банк деректерін бермеңіздер. Кез келген ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріп, алаяқтық фактілері туралы дереу полицияға хабарлау қажет, – деді ол.