Алматының Наурызбай ауданында мыңдаған ағаш егіледі

Алматының Наурызбай ауданы аумағында көше жарығын дамыту және абаттандыру жұмыстары қарқын алып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Назира Тоғызбаеваның айтуынша, бүгінде аудан аумағының 95%-ы жарықтандырылған. Жалпы жарық нүктелерінің саны 26,5 мыңға жетсе, жарық желілерінің ұзындығы 500 шақырымнан асады.

«Алма Сити-5» тұрғын үй кешенінде биіктігі 4–6 метр болатын 573 жарық тірегі орнатылған. Қазіргі таңда оның 465-і жұмыс істеп тұр, ал 108-ін орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа ықшам аудандарды қоса алғанда, тұрғын алаптарды жарықтандыру кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына оң әсер етеді. Сонымен қатар ауданда көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Биыл өтемдік егу аясында 1900 ағаш пен қосымша 4600 ірі ағаш егу жоспарланған. Бұдан бөлек, 10 мың шаршы метрден астам аумаққа көпжылдық өсімдіктер мен гүлзарлар егіледі, — деді Назира Тоғызбаева.

Қазіргі уақытта ауданда 25 мыңнан астам ағаш пен жасыл желекке күтім жасау жұмыстары қолға алынған. Жобалар үлкен көшелерді, тұрғын алаптарын және жағалау аймақтарын қамтып, бірыңғай жасыл кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, 2026 жылы Әшімов, Тәжиев және Асқаров көшелерінде буферлік аймақтарды абаттандыру жоспарланып отыр. Жоба аясында көшет егу, көгалдандыру, арық жүйесін жаңғырту, автоматты суару жүйесін орнату, техникалық тротуарлар салу және газон төсеу жұмыстары жүргізіледі. Аталған жобаларды іске асыруға 400 миллион теңге бөлінген, — делінген хабарламада.