«Қазгидромет» РМК синоптиктері 10 сәуірге Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ел аумағында жаңбыр, найзағай, тұман күтіледі, ал солтүстік аймақтарда қар аралас жауын-шашын мен көктайғақ болады.
Солтүстік өңірлерде, атап айтқанда Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жауын-шашын, көктайғақ және екпінді жел болжануда. Кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін жетеді.
Шығыс және орталық аймақтарда да ауа райы құбылмалы болады. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Кей жерлерде желдің екпіні 25–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде, соның ішінде Алматы, Шымкент және Түркістан облысында өткінші жаңбыр, найзағай және екпінді жел болжанып отыр. Таулы аудандарда жауын-шашын кей уақытта күшейеді.
Сонымен қатар бірқатар өңірлерде тұман түсіп, өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыздығына байланысты сақ болуды ескертеді.
