Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алакөл жағалауы жазғы маусымға дайындалып жатыр

Фото: Жетісу облысының әкімдігі
Үкімет Алакөл жағалауындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алакөл жағалауындағы негізгі нысандарды аралап, қонақүйлер, кәріз-тазарту құрылыстары, Көктұма ауылындағы жағалауды бекіту учаскелері және Үшарал әуежайының жағдайымен танысты.

Үкіметтің мәліметінше, өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 488 шақырым болатын Талдықорған – Үшарал және Үшарал – Достық автомобиль жолдары толық жаңғыртылып, көлік қатынасы едәуір жақсарған.

Сонымен қатар Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылып, ірі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік жасалған. Қосымша терминал салу жобасы да әзірленген. Туристік аймақтың инженерлік инфрақұрылымы да күшейтілді: 57 шақырым электр желісі мен екі қосалқы станция салынды. Бұл электр қуаты тапшылығын жойып, алдағы сұранысты қамтамасыз етуге жол ашты. Ақши ауылында 69 шақырым кәріз желісі тартылып, ағын суларды тазарту және қайта пайдалану жобасы жүзеге асырылып жатыр. Нысанды толық іске қосу осы жылдың қазанына жоспарланған, — делінген хабарламада.

Алакөл жағалауы
Фото: Үкімет

Жағалауды бекіту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жоба 13 шақырым аумақты қамтиды. Қазіргі таңда Көктұмада 960 метр, Ақшиде 200 метр жерде жұмыстар аяқталған. Алайда кейбір учаскелерде жағалаудың шайылу белгілері тіркелген.

Мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде ірі мұз массалары жағалауға әсер етіп, топырақты шайып кетеді. Соның салдарынан кәсіпкерлер жыл сайын жағажайларды қалпына келтіруге қосымша қаражат жұмсауға мәжбүр.

Санитариялық тазалықты қамтамасыз ету үшін 42 бірлік техника сатып алынған. Сонымен қатар өңірде Балқаш көлі жағалауындағы туризмді дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Жағажай инфрақұрылымын толық аяқтау 15 маусымға жоспарланған, — делінген хабарламада.

Аида Балаева атқарылған жұмыстар Алакөл жағалауының жаңа инфрақұрылымдық негізін қалыптастырып жатқанын атап өтті.