Абай облысы Ақсуат ауданында үш жасар бала жоғалып кеткен. Есік алдында ойнап жүрген бала ата-анасы мен туыстарына байқатпай, ауыл ішіне, одан әрі жазыққа кетіп, адасып кеткен. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Абай облысы ПД мәліметінше, арыз түсе сала, полицияның бүкіл құрамы аяғынан тік тұра, баланы іздеуге шыққан.
8 сәуір күні Ақсуат ауданында үш жастағы бала байқатпай үйдің ауласынан шығып кетіп, жоғалып кеткен. Таңертең ерте туыстары іздеуді бастап, шамамен сағат 11:00-де полицияға хабарласқан. Осы сәттен бастап барлық күштер дереу жұмылдырылды. Полицейлер даланы, әрбір метр жерді тексерді, себебі уақыттың әр минуты қымбат екенін түсінді, — делінген хабарламада.
Полиция департаментінің аттағы қызметкері иен даладан баланы көріп, бірден сол жаққа бет алған. Бірнеше сағаттан кейін іздеу барысында атпен жүрген полиция қызметкері айдалада кішкентай баланы байқаған – ол елді мекеннен алыс жерге кетіп қалған.
Сағат 14:00 шамасында бала аман-есен табылды. Баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, – делінген хабарламада.
