Қазақстанда мұғалімдердің пәндік білімін бағалауға арналған тестілеу жүйесі тоқтатылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, шешім Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасымен қабылданған.
Құрметті ұстаздар! Сіздерге арналған сүйінші жаңалық бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылды. Бұл – өте жақсы шешім. Менің ойымша, президент сіздерге зор сенім артып, үлкен жанашырлық танытып отыр, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Ресми мәлімет бойынша, педагогтардың білімін тексеруге арналған бұл тест бұдан былай қолданылмайды. Тиісті шешім бойынша өңірлік білім басқармаларына арнайы хат жолданған.
Айта кетейік, пәндік білімді бағалау тесті мұғалімдердің өз пәні бойынша білім деңгейін анықтауға арналған емтихан болатын. Ол негізінен аттестация кезінде қолданылып, педагогтардың біліктілік санатын айқындауға әсер ететін. Кейінгі жылдары бұл тест мұғалімдер үшін қосымша жүктеме ретінде жиі сынға ұшыраған еді.
