Есірткі ісі: Түркияда шоу-бизнес өкілдері жаппай ұсталды

Түркияда есірткіге қарсы ауқымды операция барысында бірнеше танымал өнер өкілдері ұсталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Türkiye Today мәліметінше, құқық қорғау органдары жүргізген операция нәтижесінде поп-орындаушылар Симге Сағын, Мұстафа Жежелі, Бенгю, Мелек Моссо және актер Ибрагим Челиккол ұсталған.

Операция Бейкоз ауданы прокуратурасының шешімімен өткізілген. Тінту және ұстау шаралары бір мезетте жүргізілген. Ұсталғандарға есірткіні сақтау және қолдану, сонымен қатар тыйым салынған заттарды басқа адамдарға беруі мүмкін деген күдік тағылып отыр, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта олар медициналық тексеруден және арнайы тесттерден өтіп жатыр. Бұдан кейін күдіктілер прокурор алдында жауап береді. Тергеу нәтижесіне қарай оларды босату немесе істі сотқа жолдау мәселесі шешіледі.