Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

АҚШ пен Иран уақытша атысты тоқтатуға келісті

Фото: Shutterstock/FOTODOM
Дональд Трамп АҚШ-тың Иранға жасалып жатқан бомбалау және әскери шабуылдарын екі апта мерзімге тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақ үй басшысының айтуынша, бұл шешім Шахбаз Шариф және Асим Мунирмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қабылданған. Келісімнің негізгі шарты – Ормуз бұғазының толық әрі қауіпсіз ашылуы.

Трамп әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде АҚШ-тың әскери мақсаттарына жетіп қана қоймай, оны асыра орындағанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда АҚШ пен Иран арасында бейбіт келісімнің 10 тармақтан тұратын ұсынысы талқыланып жатыр.

Екі апталық үзіліс ұзақ мерзімді бейбітшілік туралы түпкілікті келісім жасауға мүмкіндік беруге тиіс. Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен және фельдмаршал Асим Мунирмен болған келіссөздердің қорытындысы бойынша мен Иранға жасалатын бомбалау мен шабуылдарды екі аптаға тоқтатуға келісемін. Бұл екіжақты атысты тоқтату болады, – деді ол.

Саясаткердің пікірінше, бұл келісім Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға және Иранмен ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін.

Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп «Иран өркениеті бүгін түнде жойылады» деп қатаң мәлімдеме жасады.

Трамптың мәлімдемесінен кейін Иран тұрғындары елдің энергетикалық нысандарын қорғау мақсатында «тірі тізбектер» ұйымдастырды.