Иран халқы энергетикалық нысандарды қорғап, «тірі тізбектер» құрып жатыр

Иран тұрғындары елдің энергетикалық нысандарын қорғау мақсатында «тірі тізбектер» ұйымдастырып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Tasnim мәліметі бойынша, акциялардың бірі Хамадан қаласындағы Шахид Мофатех электр станциясы маңында өткен. Оған жергілікті тұрғындармен қатар үкіметтік емес ұйым өкілдері де қатысқан.

Қатысушылар қолдарына мемлекеттік тулар мен плакаттар ұстап, нысан айналасына тізбектеліп тұрған. Олардың арасында әйелдер мен балалар да болған. Мұндай акциялар елдің басқа өңірлерінде де жалғасып жатыр. Бұл шаралар аймақтағы шиеленіске байланысты ұйымдастырылып жатыр, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Тегеран келісімге келмеген жағдайда немесе Ормуз бұғазы ашылмаса, Иранның электр станциялары мен инфрақұрылым нысандарына соққы жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп «Иран өркениеті бүгін түнде жойылады» деп қатаң мәлімдеме жасады.