Яндекс Такси шақырып, діттеген жерімізге қауіпсіз жеткен сайын бізге мұның бәрі қалыпты көрінеді. Ал Yandex Qazaqstan компаниясы әр жолаушы мен көлік айдайтын адам таксиде қауіпсіз болуы үшін бұл салаға жылына 1 миллиард теңге бөліп жүр. Бүгін Яндекс Такси арқылы барар жеріңізге қалай қауіпсіз жетіп жүргеніңізді айтып береміз.
Қауіпсіздік = 1 миллиард теңге
Яндекс Таксимен жүру деген А нүктесінен Ә нүктесіне жету ғана емес, бұл — жүргізуші мен жолаушының қарым-қатынасы, көліктің іші де, сырты да қауіпсіз болуы. Компания жолаушы мен жүргізуші барар жеріне аман-сау әрі дау-жанжалсыз жетуі үшін бұл салаға жыл сайын 1 миллиард теңге қаржы бөліп келеді.
Қазақстандағы Яндекс Такси жетекшісі Руслан Саитовтың айтуынша, Яндекс Таксиде әр сапарда 30-дан астам қауіпсіздік технологиясы қосылып тұрады.
Соның арқасында 2025 жылы бір миллион шақырымға шаққандағы жол апаты 17% азайды. Ал бір миллион тапсырысқа шаққандағы көлік ішіндегі жағымсыз жағдай 24% қысқарды, — дейді Руслан Саитов.
Яндекс Таксиді кім айдай алады?
Көлігі бар адам қолданбаны жүктеп алып, жүйеде тіркелген соң, бірден такси болып кете алмайды. Әр жүргізуші сервиске қосылар алдында ашық дереккөз арқылы тексеріледі. Жүргізуші мына жағдайда Яндекс Такси сервисінде істей алмайды:
- бұрын көлікті қауіпті айдаса;
- адам зардап шеккен жол апатына түссе;
- біреуге күш көрсетсе және басқа да заң бұзғаны анықталса.
Сонымен қатар қауіпсіздік жүйесінде жалған немесе өзгерген құжат арқылы қайта тіркелу әрекетін анықтайтын құралдар қолданылады.
Яндекс Такси айдайтындар жұмысқа кіріспес бұрын қауіпсіздік ережесі мен жолаушымен қарым-қатынас негіздері туралы арнайы курстан өтеді.
Компания жүргізушіні қалай тексереді?
Яндекс Такси әуелі жүргізушінің құжаттарын қарайды, сосын көліктің құжатын түгендейді, соңынан такси айдайтын адамнан тұрақты түрде селфи сұрап отырады.
Соңғысы жүргізуші аккаунтын басқа адамға беріп жіберіп, сол адам қолданып жүрмес үшін керек. Құжаттың шын немесе жалған екенін білу үшін және мәтінді тану үшін жасанды интеллект қолданылады. Одан кейін көлік фото арқылы тұрақты тексеріліп отырады.

Қауіпсіздік технологиясы көлік келген кезде ғана емес, мынадай үш жағдайда істеп тұрады: такси шақырғаннан бастап, көлік ішінде және көліктен түскен соң.

Яндекс Такси компаниясының қауіпсіздік жөніндегі жобалар менеджері Әділ Гаджиевтің сөзіне қарағанда, такси шақырған кездегі сәт үш түрлі қауіпсіздік кезеңінен тұрады:
- көлік жүргізушісі тексеріледі;
- жүретін жолдың жақын-қашық екені мен жеңіл-күрделі екені тексеріледі;
- тура осы жолға сай келетін ең жақсы жүргізуші таңдалады.
Такси шақырғанда жүргізуші қалай таңдалады?
Әділ Гаджиевтің айтуынша, жолаушы такси шақырғанда әуелі жол қаншалық күрделі екені тексеріледі. Мысалы, параметрлер арқылы жолдың қашықтығы, жолдағы орташа жылдамдық, реттелетін-реттелмейтін қиылыс қаншау екені және әдетте осы жолда болатын жол апаттарына әп сәтте мониторинг жасалады.
Одан кейін жақын маңдағы такси айдайтын адамның тәжірибесін бағалаймыз. Жол жеңіл болса, жолаушы шақырған жерге ең жақын жүрген жүргізушіні жібереміз. Ал жол күрделі болса, сол маңдағы ең тәжірибелі жүргізушіні таңдаймыз, — дейді ол.
Көлік іші мен жол қауіпсіз болуы үшін не істейді?
Таксиге отырған жолаушы қажет болса, қолданбадағы қауіпсіздік орталығын қолдана алады. Олар:
- таксимен бара жатқан жолының сілтемесін туыс-досына жібере алады;
- қолданбадағы шұғыл чатқа жаза алады. Бұл чатта жауап беретін топ кәдімгі қолдау тобынан бөлек, олар — таксидегі жанжал, қауіп жағдайын арнайы оқыған адамдар. Мамандар жолаушыға кезек-кезегімен жауап сөйлесіп отырады.
- 112 нөмірін теріп, төтенше қызметке хабарласа алады.

Компания такси жүргізушісін де қорғайды
Яндекс Такси жолаушыны ғана емес, такси жүргізушісін де қорғайды. Көлікте жолаушыдан шынымен қауіп төнгенде, жүргізуші салондағы әңгіменің бәрін басып алатын аудиожазба қосады.

Аудиожазба қосылғаны туралы хабарландыру ойнатылып, салондағы адамдарға ескертіледі. Кейін бұл жазба жоғарыда айтқан такси ішіндегі жағдайды талдайтын топқа жіберіледі. Ол топ жүргізушіге хабарласып, жолда не болғанын анықтап сұрап, көмек қажет болса, жәрдем береді. Бұл функцияны қосқанда көлікте жанжал басталмай тұрып аяқталып жатады.
Әр жолаушы мен жүргізуші 4 миллион теңгеге сақтандырылған
Яндекс Такси компаниясы таксимен келе жатқан әр жолаушы мен оның жүргізушісін бір сапар бойы 4 миллион теңгеге дейін сақтандырып қояды. Сақтандыру тегін, оның бар екені жолақыға әсер етпейді.
Яндекс Такси айдаған жүргізуші мен оған мінген жолаушы жолда қандай да бір апатқа ұшыраса (болмашы болса да, ауыр болса да), сақтандыру ақысын компания өз қалтасынан төлейді. Адамның жарақаты қаншалық екенін серіктес сақтандыру компаниялары айнықтайды. Жарақат алған жолаушы да, жүргізуші де компанияға ресми медицина анықтамасын апаруға тиіс, — дейді Әділ Гаджиев.
Дегенмен әр жағдай, әр сақтандыру ақысы мен оның жараланған жолаушыға немесе жүргізушіге төленетін мерзімі жеке-жеке қарастырылады.
Неге «Эконом» тарифінде басқаларына қарағанда жанжал көбірек болып көрінеді?
Руслан Саитовтың айтуынша, барлық қауіпсіздік технологиясы Яндекс Таксидегі барлық тарифке — эконом бола ма, жоқ бизнес болама, бәріне ортақ.
Таксиді «Эконом» тарифімен шақыратындар «Комфорт» немесе «Комфорт+» тарифін шақыратындарға қарағанда көп. Өкінішке қарай, «Эконом» тарифін қолданған жолаушылар қолданбада жүргізушіні бағалап немесе пікір жазып, қандай да бір жанжал туса, біздегі арнайы мамандар тобына хабарласа бермейді. Бізге жүйені жақсарту үшін, алдағы уақытта сондай жанжал тумас үшін немесе жолдағы басқа да қауіптен арылу үшін қолданушының хабарласқаны өте маңызды, — дейді ол.
Yandex Qazaqstan жолаушы әйелді қалай қорғайды?
Компания әйел қауіпсіздігін бөлек бір бағыт ретінде қарастырады. Сервис адамның жеке шекарасын бұзатын жағдайды анықтап, оның алдын алу үшін технология мен қолдау қыметінің жұмысын біріктіріп отыр.
Жеке шекара бұзылғанына мүлдем төзбеу қағидатын ұстанамыз. Мұндай жағдайлға қатысты шара қабылдап қана қоймай, технология, арнайы дайындалған қолдау қызметі және түсінікті ереже арқылы алдын аламыз, – дейді сапар қауіпсіздігі бойынша арнайы жобалар менеджері Анна Плотникова.
Көліктегі жолаушының жеке шекарасы бұзылса, жағдайдың ауыр-жеңілдігіне қарай ескерту беру, қосымша оқытуды үзуден бастап таксидің профайлын бұғаттап тастауға дейінгі шара қолданылады. Жағдай одан бетер болса, сервис жолаушыға полицияға хабарласуды ұсынады. Ал Яндекс Такси жағдайға қатысты бар ақпаратты беруге әзір.
Яндекс Такси сервисінде жолаушы мен жүргізушінің телефон нөмірін бір-бірінен жасырып қоятын жүйе бар. Бұл сапар аяқталған соң жолаушы мен жүргізуші бір-бірін негізсіз мазаламас үшін қажет.
Yandex Qazaqstan өкілдері қауіпсіздік жеке құрал емес, ондаған механизм мен процестен тұратын жүйе екенін айтып өтті. Мұндай жүйе қауіп-қатерді азайтып, жүргізуші мен жолаушының сапарын анағұрлым қауіпсіз етеді.

