Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қарағанды облысында жоғалған жасөспірім аман-есен табылды

Фото: ТЖМ
Қарағанды облысының Абай қаласында із-түссіз жоғалып кеткен жасөспірім аман-есен табылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оқиғаға қатысты полиция басқармасы түсініктеме берді. Белгілі болғандай, 2 сәуірге қараған түні Абай аудандық полиция басқармасына 13 жастағы баланың жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Полиция басшылығының нұсқауымен бірден дабыл арқылы барлық жеке құрам көтеріліп, іздестіру жұмысы жүргізілді.

Іздестіру жұмысына полиция қызметкерлері, ұлттық ұлан, ТЖД-ның жеке тікұшағы жұмылдырылды. Сол сияқты да еріктілер де атсалысты. Іздестіру жұмысы барысында азаматтар полицейлермен бірге жоғалған жасөспірімді тапты. Қазір бала аман-есен. Ол полиция бөліміне жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталатын болады, – делінген хабарламада.

Төтенше жағдайлар министрлігі жоғалған баланың Абай қаласынан 15 км қашықтықтағы далалы жерден тапқанын хабарлап отыр. Жасөспірімге медициналық көмек қажет болмаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім достарымен бірге Абай қаласынан Қарабас кенті бағытына жаяу шыққан. Қарабас кентіндегі теміржол өткелі маңында балалар екіге бөлініп, екі жасөспірім үйлеріне өздері қайтқан. Туыстарының айтуынша, бала кейінгі рет шамамен сағат 20:00-де анасына хабарласып, бағдарынан адасып қалғанын айтқан.

Айта кету керек, баланың жоғалғаны туралы хабарлама оның соңғы байланысқа шыққан уақытынан бірнеше сағат өткен соң түскен, бұл іздестіру жұмыстарын қиындатты, – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.

Ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ТЖМ-ның 52859 әскери бөлімі, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар, сонымен қатар туыстары, волонтерлар мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. Сонымен қатар әуеден шолу жүргізу үшін ТЖМ-ның «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды.