Қазақстан оқушысының жобасы Google грантын алды

Не болды?

Павлодардың 11-класс оқушысы Игорь Мартынюк YC Startup School бағдарламасы бойынша білім алуға толық грант жеңіп алды. Ол Орталық Азиядағы осы білім беру грантын жеңіп алған алғашқы оқушы болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне қарағанда, бұл байқауды әлемдегі ең танымал стартап акселераторлардың бірі Y Combinator ұйымдастырған.

Игорь TabAI жобасын өзі әзірлеген. Бұл — жасанды интеллект негізінде істейтін көмекші. Ол қолданушының цифрлық белсенділігін талдап, тапсырмаларды жүйелеуге және кез келген жұмысты басқаруға көмектеседі. Қазір TabAI қолданбасын әлем бойынша, шамамен 20 мың қолданушы пайдаланады.

Жоба 35 мың доллар инвестиция мен инфрақұрылымды дамытуға арналған Google грантын жеңіп алды. Y Combinator командасы бағдарламадағы жас шектеуіне қарамастан, Игорьды Кремнийдегі YC Startup School-ге қатысуға шақырды. Ұйымдастырушылар оқушының жол ақысын, тұру және оқуы шығынын төлейді.

Cursor амбассадоры

Игорь Мартынюк — тек грант иесі емес, ЖИ саласында қарқынды дамып келе жатқан Cursor компаниясының ресми амбассадоры.  Оның міндеті — Қазақстан мен Орталық Азиядағы стартап жобаларын дамытып, хакатон, митап және білім беру іс-шараларын ұйымдастыру.

Министрліктің мәліметінше, Игорь алдағы уақытта жобаны дамыта береді. Ол халықаралық бағдарламаларға қатысуды және Y Combinator негізгі іріктеуіне өтінім беруді жоспарлап отыр.