Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Ескертусіз оқ ата алады». Мемлекеттік күзет қызметінің өкілеті кеңейеді

Фото: Аkorda.kz
Қазақстанда мемлекеттік күзет қызметі өкілетін кеңейту көзделіп отыр. Тиісті заң жобасы ҚР парламенті мәжілісі отырысында бірінші оқылымда қаралды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Құжат «Мемлекеттік күзет қызметі туралы» заңның 10-бабына өзгерістер енгізуді ұсынады. Ұсынылған нормалар бойынша, антитеррористік операция жүргізетін аймақта қызметкерлерге лаңкестерге қарсы алдын ала ескертусіз күш, арнайы құралдар, қару және техниканы қолдануға құқық беріледі.

Сонымен қатар өзін-өзі қорғау немесе құқық бұзушыны ұстау кезінде қажет құралдар болмаған жағдайда, кез келген қолжетімді заттарды пайдалануға мүмкіндік қарастырылған.

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек заң жобасы тек күштік құрылымдардың өкілетін кеңейтумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, құжат аясында арнайы мемлекеттік органдарға талантты жастар мен білікті IT-мамандарды тарту тетіктері де енгізіледі.

Сонымен бірге түзетулер төтенше жағдай режимі кезінде және әлеуметтік сипаттағы дағдарыстар барысында ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілеттіктерін нақтылауға бағытталған.

Бұдан бөлек, заң жобасы мемлекеттік құпияларды қорғау жүйесін күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, «мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейінің төмендеуі» ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптердің бірі ретінде заңнамалық деңгейде бекітіледі.

Құжатта мемлекеттік күзет қызметіне өз бұйрықтарын орындамаған тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамаларды дербес рәсімдеу құқығын беру де қарастырылған.

Айта кетейік, мемлекеттік күзет қызметі – Қазақстан президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы орган. Ол мемлекет басшысы мен жоғары лауазымды тұлғалардың, сонымен бірге стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.