Қазақстан мен Грузия арасындағы келіссөздер нәтижесінде грузин тарапы Қазақстанның ішкі істер органдарының сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүрген бес адамды ұстады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ІІМ мәліметінше, олардың төртеуі алаяқтық қылмыстары үшін, біреуі есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін іздеуде болған. Қазақстан полициясы іздеуде жүрген қаскөйлерді анықтау және ұстау бойынша шетелдік әріптестерімен бірлесіп тұрақты түрде жұмыс жүргізіп жатыр.
Батуми қаласында 37 жастағы қазақ азамат ұсталды. Ол 2014-2020 жылдар аралығында Алматыда ұйымдасқан топ құрамында коммерциялық ұйымның атын жамылып, қаржы пирамидасын құрған. Инвестиция ретінде азаматтардың қаражаты тартылғанымен, нақты инвестициялық табыс болмаған, ал төлемдер жаңа салымшылардың есебінен жүргізілген. Заңсыз әрекеттердің салдарынан 1451 азамат зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын 10,4 миллиард теңгеден асты, — делінген хабарламада.
