Қазақстанда 700 білім беру бағдарламасы жабылып, жаңа бағыттар іске қосылады. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева білім беру жүйесіндегі трансформация туралы бейнеүндеу жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оның айтуынша, жүргізілген саяси реформалар мен жаңа Конституция адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамыту бағытын күшейтті. Бүгінде білім беру жүйесі елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып отыр.
Қазіргі жағдайды бағалау мақсатында үкімет 73 мыңнан астам кәсіпорын арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде кадрлардың қартаюы және маман даярлау мен еңбек нарығы сұранысы арасындағы теңгерімсіздік сияқты жүйелі мәселелер анықталған.
Мәселен, мамандардың басым бөлігі 40–59 жас аралығында. Кей өңірлерде бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары. Ал жекелеген салаларда кадр тапшылығы байқалса, кей бағыттарда керісінше артық маман даярланып жатыр. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларының шамадан тыс көптігі мен олардың тәжірибеден алшақтығы да өзекті мәселе ретінде аталды. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында экономика және құқық салалары бойынша жүздеген ұқсас бағдарламалар іске асырылып жатыр, — деді Аида Балаева.
Осыған байланысты үкімет 700-ден астам білім беру бағдарламасын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте қазіргі студенттердің оқуын аяқтауына толық кепілдік беріледі, алайда аталған бағыттар бойынша жаңа қабылдау тоқтатылады.
Оның орнына жасанды интеллект, деректерді талдау, биоинжинириң, smart agriculture және білім беру технологиялары секілді 21 басым бағыт енгізіледі. Сонымен қатар 35 бағыт бойынша тәжірибеге негізделген оқытуға басымдық беріліп, жүйе жаңғыртылады. Халықаралық стандарттарға сәйкес, жұмыс орнындағы оқыту үлесі бакалавриатта 20%-ға, магистратурада 40%-ға дейін ұлғайтылады. Мемлекеттік гранттар да өңірлік экономикалардың нақты сұраныстарына сәйкестендіріледі, — деді министр.
Педагогикалық білім беру саласына да ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындары заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу орталықтарына айналуға тиіс.
Біз бір реттік шешімдерден жүйелі саясатқа көшіп, кадр даярлаудан болашақты қалыптастыруға бет бұрдық, — деді Аида Балаева.
