Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты күдіктінің психиатриялық ауруханаға жатқызылу себебі белгілі болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Шымкент полиция департаментінің мәліметінше, күдіктіге қатысты кісі өлтіру, некеге мәжбүрлеу және сталкиң фактілері бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Полицияның түсіндіруінше, екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша күдіктінің психикалық ауытқулары бар екені анықталған. Осыған байланысты ол мәжбүрлі түрде арнайы медициналық мекемеге емделуге жіберілген.
Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті қайтадан тергеу изоляторына жеткізіліп, тергеу әрекеттері жалғасады. Құқық қорғау органдары жәбірленуші тараппен тұрақты байланыс орнатқан. Тергеушілер барлық процессуалдық шешімдер бойынша түсіндірме беріп, сараптама нәтижелері мен іс материалдары туралы ақпарат жеткізіп отыр, — делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, жалған мәлімет таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Айта кетейік, марқұмның ағасының айтуынша, күдікті қазіргі уақытта Талғардағы мамандандырылған мекемеде ем қабылдап жатыр. Марқұмның туыстары күдікті тарапынан симуляция болуы мүмкін екенін айтып, медициналық қорытынды берген мамандарды тексеруді талап етіп отыр.
