Алматыда сот шешімімен ірі ғимарат бұзылып жатыр

Алматыда Циолковский көшесі, 2/324 мекенжайында орналасқан нысан сот шешімімен заңсыз деп танылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, бұған дейін жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында меншік иесінің рұқсатсыз төрт қабатты ғимарат салғаны анықталды.

Меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, сотқа талап арыз берілді. Ұзаққа созылған сот процестерінің нәтижесінде апелляциялық сот алқасы заңсыз салынған нысанды бұзу туралы қаулы шығарды. 2026 жылғы 23 ақпанда әділет департаментінде атқарушылық іс қозғалды, — делінген хабарламада.

Басқарма мәліметінше, бірер күн бұрын сот орындаушыларының қатысуымен ғимаратты бұзу жұмыстары басталды.