Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

TikTok-тағы алаяқтық: Шымкентте бірқатар адамды алдаған күдікті ұсталды

Фото: Ерқанат Аманкел
Шымкент полициясы TikTok-та жүргізуші куәлігін алып беремін деп ондаған адамды алдаған ер адамның әрекетін әшкереледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тергеу мәліметі бойынша, күдікті TikTok әлеуметтік желісі арқылы алаяқтық схема ұйымдастырған. Арнайы ашылған парақшада ол жүргізуші куәлігін жедел әрі қиындықсыз алып беруге көмектесетін жалған қызметтерді белсенді түрде жарнамалаған. Клиенттерді тарту үшін сенімді көрінетін бейнероликтер мен жарнамалық жазбалар пайдаланылған. Бұл уәдеге сенген азаматтар көрсетілген шоттарға ақша аударып отырған. Салдарынан 45-ке жуық Қазақстан азаматы зардап шегіп, келген жалпы шығын 20 миллион теңгеден асқан.

Жедел іс-шаралар барысында күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп, оның өзге де қылмыстық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Полиция заңда белгіленген тәртіптен тыс құжаттарды рәсімдеп беруді ұсыну – алаяқтықтың айқын белгісі екенін еске салады. Сонымен қатар азаматтарды қырағылық танытып, күмәнді онлайн-жарнамаларға сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады, – делінген ПД хабарламасында.