Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген азамат Грузиядан экстрадицияланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті экономикалық қызмет саласында бірқатар қасақана ауыр қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстанға жеткізілген.
Тергеу барысында оның 2019–2021 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болып, еліміздің әртүрлі өңірлерінде қаржы пирамидасының құрылымдарын басқарғаны анықталған. Қылмыстық топ жоғары табыс табуға уәде беру арқылы азаматтардан 10 млрд теңгеден астам қаражат тартқан.
Аталған істегі сыбайлас тұлғалардың бірқатары бұған дейін бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Ал негізгі күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. 2026 жылғы ақпанда ол Грузия аумағында ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, — делінген хабарламада.
