Бас прокуратура жалған ақпарат пен алауыздыққа қатысты ескерту жасады

Бас прокуратура азаматтарды, соның ішінде онлайн-платформаларда пікір білдірушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қадағалаушы органның мәліметінше, кейінгі уақытта жекелеген тұлғалардың ұлттық дәстүрлерге, соның ішінде Наурыз мейрамына қатысты теріс пікірлерді жария түрде тарату фактілері тіркелген. Мұндай мәлімдемелер көбіне бұрмаланған діни түсініктермен негізделіп, қоғамда кері әсер тудыруы мүмкін.

Бас прокуратура мұндай әрекеттер Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі қағидаттарына қайшы келетінін атап өтті.

Бұл ұлтаралық және дінаралық келісімге нұқсан келтіріп, ұлттық құндылықтардың беделін түсіруі ықтимал. Масс-медиа өкілдерін кәсіби этика қағидаларын, объективтілікті сақтауға және қоғамдық келісімді бұзуы мүмкін идеяларды насихаттауға өз платформаларын пайдалануға жол бермеуге шақырамыз. Көрінеу жалған ақпарат тарату ҚР қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеледі. Ал ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыру Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 174-бабы аясында қарастырылып, ауыр жазаға соқтырады, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, мұндай әрекеттер діни қызмет туралы заңнаманы бұзу ретінде бағаланып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.

Қадағалаушы орган азаматтарды жалған ақпарат таратудан бас тартып, қоғамдағы тұрақтылық пен ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға шақырды. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда заң аясында қатаң шаралар қабылданатыны ескертілді.