Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Екінші әйелімді шәкіртіме үйлендірдім». Даулы сұхбатқа байланысты 2 адамға айыппұл салынды

Видео скрині
Алматы полициясы әлеуметтік желіде кең таралған даулы видеоға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Әңгіме Құрбанәлі Ахмет Ишанның журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатындағы пікіріне байланысты болып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Сұхбат барысында ол «өзін тыңдамаған екінші әйелін шәкіртіне тұрмысқа бергенін» айтқан. Бұл үзінді Қазнетте кең тарап, қоғам тарапынан қызу талқылау мен сынға ұшырады.

Полицияның мәліметінше, аталған видеоматериалға қатысты мемлекеттік органдар тексеру жүргізген. Нәтижесінде, сұхбатта айтылған пікірлер Қазақстан заңнамасына қайшы келетіні және қоғам санасына кері әсер етуі мүмкін екені анықталған.

Осыған байланысты қалалық дін істері жөніндегі басқарма Құрбанәлі Ахмет Ишанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша айыппұл салған. Бұл бап бойынша, жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар журналист Жанар Байсемізге де осы бап негізінде әкімшілік жаза қолданылған, — делінген хабарламада.

Басқарма өкілдері аталған азаматтың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (Мүфтият) құрамына кірмейтінін де атап өтті.

Құзырлы органдар мұндай мәлімдемелер қоғамдағы тұрақтылық пен моральдық құндылықтарға кері әсер етуі мүмкін екенін ескертіп, заң талаптарын сақтауға шақырды.