Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Шариғатқа сай: Қазақстанда жаңа шетел банкі ашылады

Фото: Abu Dhabi Commercial Bank
ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ке Қазақстанда еншілес банк құруға рұқсат берді. Жаңа банк «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» атауын алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бұл шешім Қасым-Жомарт Тоқаевтың банк секторындағы бәсекелестікті арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес қабылданды. Агенттіктің мәліметінше, шешім — банк заңнамасын ырықтандыру, ашық және бәсекелестік орта құру, сонымен қатар Қазақстанға сенімді шетелдік банктерді тарту реформасының нәтижесі.

ADCB – Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі банктерінің бірі. Оның негізгі акционері – Абу-Даби үкіметіне толық тиесілі Mubadala Investment Company PJSC. Банк Fitch Ratings бойынша жоғары халықаралық кредиттік рейтиңге ие (A+/F1/Stable), 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық активтері 210 млрд АҚШ долларынан астам, меншікті капиталы 24 млрд АҚШ долларынан асады, жылдық таза пайдасы – 3 млрд АҚШ долларынан артық, — делінген хабарламада.

Жаңа еншілес банк Қазақстанда банктік қызметтердің толық спектрін ұсынады, сонымен қатар «ислам терезесі» тетігі арқылы исламдық қаржыландыруды дамытуды жоспарлап отыр. Әмбебап банк лицензиясын алу ішкі инфрақұрылым құрылып, қызметті іске қосу дайындықтары аяқталғаннан кейін күтіледі.