«10 минутта жетуге болады». Алатау мен Алматы арасында аэротакси қатынайды

Алматы мен Алатау қалалары арасында сағатына 350 км жылдамдықпен аэротакси қызметі іске қосылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – «төменгі биіктік экономикасы» жобасы. Бұл жоба 120 метрден жоғары биіктікте әуе таксиі мен жүк дрондарын сынақтан өткізу мен тұрақты пайдалануды көздейді. Қазіргі таңда осындай жобалар тек Шэньчжэнь қаласында іске асырылып жатыр.

Жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан үкіметі америкалық Joby және қытайлық AutoFlight компанияларымен ынтымақтастық құжатына қол қойған.

Жоспар бойынша аэротакси Алатау мен Қонаев қалаларын, сонымен қатар Алматыдағы әуежай мен таулы демалыс орындарын байланыстыратын квадропорттар желісі арқылы қызмет көрсетеді. Сағатына 300–350 км жылдамдықпен ұшатын әуе көліктері аталмыш бағыттар арасындағы жол уақытын 10–15 минутқа дейін қысқартады.

Сонымен қатар, жоба аясында бірнеше тоннаға дейінгі жүкті әуе арқылы тасымалдау технологиясы енгізіледі. Аппараттың техникалық мүмкіндігі сағатына 200 км жылдамдықпен 250 шақырым қашықтыққа ұшуға жетеді. Сынақ кезеңінде ұшулар жолаушыларсыз өтеді. Үкімет есептеуінше, бұл инфрақұрылым өңірге келетін туристер ағынын жылына 8 миллион адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді.