Алматыда көші-қон заңнамасын бұзған 600-ден астам дерек анықталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, анықталған деректің басым бөлігі шетел азаматтарының елде болу тәртібін сақтамауына байланысты болған.
Екі күні ішінде 636 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Олардың ішінде 513 шетел азаматы Қазақстан Республикасында болу қағидасын бұзған, 107 қабылдаушы тұлға олардың заңды болуын қамтамасыз етпеген. Ал 16 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған. Сот шешімімен 76 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар полиция заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастыру дерегі анықталып, іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталғанын мәлімдеді.
