«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірнеше өңірінде республикалық маңызы бар автожолда қозғалысқа уақытша шектеу енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Атап айтқанда, шектеулер Ақтөбе облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Қарағанды облысы, Павлодар облысы, Ұлытау облысы және Шығыс Қазақстан облысы аумақтарындағы бірқатар жол учаскелеріне қатысты.
Ең ұзақ бағыттардың бірі – «Астана – Қарағанды – Алматы» тас жолының бірнеше бөлігінде қозғалыс шектелген. Сонымен қатар «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» және халықаралық бағыттағы «ҚХР шекарасы – Алматы – Тараз – Шымкент – Қызылорда – Ақтөбе – РФ шекарасы» жолдарында да шектеулер бар.
Солтүстік Қазақстан облысында жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысы уақытша тоқтатылған. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Осинов асуында тіркемесі бар жүк көліктеріне қысқы маусым аяқталғанша шектеу енгізілді.
Ұлттық компания мәліметінше, кейбір жол учаскелерінде қозғалыс 2026 жылғы 1 сәуір сағат 08:00-де қайта ашылады деп жоспарланып отыр. Жүргізушілерге ауа райы мен жол жағдайын ескеріп, алыс сапарға шықпас бұрын бағыттарды нақтылап алу ұсынылады.
